Наш контактный телефон
+7 (7122)
35-55-24
Обратная связь
Поиск по сайту

САЛТАНАТ РАХИМОВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ САЛАЛЫҚ КӘСІПТІК ОДАҒЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БАР

16 апреля 2018

– Салтанат Асқарқызы, Елба­сы­мыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы көп мәселені айқындап берді. Бұл мұнай-газ кешені саласын да әсер етеді. 
– Елбасы Жолдауында был­тыр­ғы жылы үшінші жаңғырту жолына түскен мемлекетіміздің Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу жолдарын тағы да бір айқындап берді. Жолдауда өнеркәсіптің қай саласында болса да ғылымға негізделген жаңа цифр­лы технологиялар мен бизнес-модель­дерді енгізу қажеттілігі айтылған.
Елбасы мемлекеттік органдарға да халықпен және шағын, орта бизнес субъектілерімен қарым-қатынасын цифрландырып, өтініштерді қарап, шешуді электрондауды тап­сыр­ды. Бұл өнеркәсіпті, бизнес­ті дамы­туға жағдай туғызады. Бірақ бұл өндірістен көптеген жұмыс­шы­лардың ысырып шығарылуына соқ­ты­рады. Себебі, цифрландыру өнер­­кәсіп пен кәсіпорындардағы жұ­мыс орнын азайтады. Бірақ тех­но­­логиялы өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Бұл – ел экономикасы үшін өте пайдалы. Қазір кәсіподақ ұйымдарының ал­дын­да осы мәселені еңбек ұжым­­дарына түсіндіру міндеті тұр. Жұмысшыларымыз ғылыми- тех­­но­логияның жаңалықтарын иге­ріп, бәсекеге қабілеттілігін таны­та алса, өнеркәсіптік револю­ция ғасырында жұмыссыз қалу қатеріне төтеп бере алады. Біз осыны жұмысшыларымызға жете түсіндіріп айтуымыз қажет. Елбасы жұмыссыздарға барлық бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды элек­тронды базадан көріп, кез келген жұмысқа өз қалауы бойынша орналасу мүмкіндігін тудыруы қажет екенін ескертті. Бізді еңбек кітап­шасының да электронды бола­тыны қуантады. Бұл кейбір жауапсыз жұмыс берушілердің тарапынан болатын заңсыздықтарға жол бермейді. Еңбек биржасының элек­тронды жүйеге көшірілуі, жұмыс­сыз қалған азаматтардың қайта маман­дандырылуына, басқа маман­дық алып, кез келген кәсіп­орын­дарға кідіріссіз жұмысқа кіруіне жағдай жасайды.
– Мәжіліс депутаттары Атырау облысының 80 мың жұмысшысының мүд­десін қорғайтын кәсіподақ өкіл­дері­мен кездесті. Осы кездесуде қандай мәселелер қозғалып, ұсыныс­тар берілді?
– Атырау облысы республи­ка­лық бюджеттің төрттен бір бөлігін беріп отырған әлеуетті облыс екені елімізге мәлім. Алайда өңірімізде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауда бірқатар проблемалар бар.
Парламент депутаттарының алдына біз, жұмысшылар өкілдері, кәсіподақтардың шеше алмай отырған мәселелерін көтердік.
Біріншіден, еңбекақы төлеудегі кемсітушілікті жою туралы өтініш жасадық. Еңбек Кодексінің бапта­рын­да жұмыскердің бірдей еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз бірдей ақы алуға құқығы бар делінген. Кодекстің 4-бабына сәйкес еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу – Еңбек заңнамасының негіз­гі принциптерінің бірі. Облысы­мыз­да мұнай-газ өндірумен айналы­сатын ірі компанияларда жұмыс жасайтын жергілікті жұ­мыс­шылар мен шетелдік жұ­мыс­­­шылардың еңбекақысы ара­сын­дағы айырмашылық мөл­ше­рі айтарлықтай. Еліміздің жұмыс­шылары 350-600 мың теңге жалақы алса, сол лауазымдағы шетелдік жұмысшы 15-20 мың доллар жалақы алады. Соны жоюдың түрлі жолдары бар. Біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту барысында жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік біліктілік анықтамалығында көрсетілген мамандықтар мен лауазымдарды қатаң басшылыққа алу керек.
Себебі, шетелдік жұмысшыларды тарту барысында жұмыс берушілер «кеңбейінді менеджер», «кеңбейінді супервайзер» секілді өзге де түрде мамандықтардың атауын өзгертіп, шетелдік жұмысшыларды кіргізеді.
Бұл жұмыс берушіге «инженер» лауазымында қызмет атқаратын қазақстандық жұмысшыға – 1-2 мың доллар, ал «кеңбейінді инже­нер» лауазымында қызмет атқа­ратын шетелдік жұмысшыға
15-20 000 доллар жалақы төлеуге мүм­кіндік береді. Екіншіден, кейбір компанияларда бірдей лауазымды қызмет атқаратын қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың екеуінің де жалақысы штаттық кесте бойынша тең, мысалы 100 мың теңге. Бұл лауазымдық жала­қыға ай сайын «кәсібилігі үшін» деген үстемақы тағайындалу бары­сында да орасан айырмашылық бар. Сондықтан біз Мәжіліс депу­тат­тары алдына осы мәселені Парламент қабырғасында көтеріп, Бас прокуратураға мемлекеттік ең­бек инспекциясы арқылы бар­лық өндірістік компанияларда ше­телдік және қазақстандық жұмыс­­шыларға еңбекақы төлеу мәсе­лесінде орын алып отырған дискри­минацияға мониторинг жүр­гізіп, заңбұзушылықтарды анық­тау және жоюдың шарасын алу туралы ұсыныс беруді сұрадық. Сондай-ақ жұмыс берушіні еңбекақыны индекстеуге міндеттеу мәселесін төтесінен қоятын уақыт келгенін айтып жеткіздік. 2007 жылғы Еңбек кодексінде инфляция деңгейін негізге ала отырып, келісімдерде, ұжымдық шартта белгіленген тәртіппен индексация жүргізу мін­деті жүктелген болатын. Ал 2015 жылғы қабылданған Еңбек кодек­сінде жұмысшылардың әлеу­мет­тік жағдайын тұрақты ұстап тұруға бағытталған осы маңызды норма алынып тасталды. Бұл жағдай жұмыс­шылар табысының инф­ля­ция­лық құнсыздануына ұшы­рап, әл-ауқаты төмендеуіне соқ­тырып отыр. Еңбекақыны индек­стеуден жұмысшының әл-ауқаты күрт жоғарылап, аспандап өсіп кетпейді. Ол тек нарықтық бағаның өсуі мен валютаның құнсыздануының жұмыс­шылар табысына әсерін азай­татын маңызды механизм қызме­тін атқарады.
– Елбасы жуық арада бес әлеу­­меттік бастамасының бірімен жұмыс­шы жалақысын көтеру мақ­сатында салықты азайтуға шақырған жоқ па?! Бұл оң өзгеріс еңбекақыны индекс­теуге теңеспей ме? 
– Әрине, Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасы», сөз жоқ қазақстандықтардың әл-ау­қа­тын, тұрмыс жағдайын жақ­сар­туға бағыт­тал­ған маңызы зор шара. Соның екінші бағыты – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек­ақысын көбейту үшін олар­дың салық жүкте­месін азайту. Алайда біздің мұ­най-газ саласы қызметкерлерінің жала­қысы ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің 25 есесінен кем бол­майды, ендеше, бұл шара біздегі сала қызметкерлеріне қатысы жоқ.
Елбасымыз баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақыр­ды, бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырды.
Сондықтан кәсіподақтың аты­нан еңбек адамы – жұмысшының мүддесі үшін Мәжіліс депутат­тары­нан жұмысшының жалақысын тұрақ­­ты түрде индекстеп тұруды заң жолы­мен бекітуді сұрадық. Жұмыс­шы­лардың жыл сайын жалақылары индекстеліп, мемлекет пен Жұмыс беруші тарапынан өздеріне деген қамқорлықты сезінетін болады.
Парламент мәжілісіне айтыл­ған үшінші мәселе, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 1-бабы 1-бөлі­мінің 44 тармағын және 20-бабын өзгеріссіз қалдыруға ықпал етуді сұрадық. Себебі, Қазақстан Республикасы «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 17-бабы 8-тармағының талабына сай кә­сiп­­одақтар кәсiподақ мүше­ле­рі болып табылмайтын жұмыс­кер­­лердің мүдделерін кәсiподақ мүше­леріне арналғандай негіздерде білдіруге міндетті. Сайып кел­ген­де, біз кәсіподаққа мүше емес жұмысшылардың құқығын қорғау­дан тыс қалмаймыз.
Көп жағдайда жұмыс берушінің өзі кәсіподақ мүшелерінің саны­ның өсуіне мүдделі еместігін ескер­сек, кәсіподақ мүшелерінің саны 50 пайыздан кем болса, бір кәсіпорында кәсіподақпен бірге жұмысшылардың сайланбалы өкілдерінің де өкілдік ететіні – жұмысшылардың құқықтарының дұрыс, тиімді қорғалмауына апарып соқтырады. Білесіз бе, бұл жағдай, кәсіптік одақтардың институт ретін­де дамуына, сол арқылы жұ­мыс­­шылар құқықтарының қор­ғалуы­на кері әсерін тигізетін фактор болып табылады.
– Жаңадан тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова «жүк тасушы мен үй қызметшісін де тіркеп, олардың статусын анықтаймыз» деп халықтың сынына ұшырап қалғанын білеміз. Кәсіподақ өкілі ретінде не айтасыз?
– Әрине, министр М.Әбіл­қасы­мо­ваның мәселені бұлай төтесінен қойғаны көпшілікке түсініксіз де болған шығар. Бірақ осы жылы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметімен Жұмыс берушілер және Жұмысшылар өкілдері арасында қол қойылған Бас келісімнен кейін жасақталған Жол картасының әрбір тарауымен кәсіподақтарға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Соның ішінде, «Бизнес ортаны түбегейлі жақсарту» тарауында шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысшыларымен еңбек қатынастарын заңдастыруына ықпал ету міндеті жүктелген.
Болашақта зейнетақының тек қана жинақтаушы механизмі енгізілгенін білеміз. Сондықтан жұмыс­шының болашақта әлеуметтік қорғалуы өзіне байланысты екенін түсін­діруіміз керек. Әсіресе, бүгін­гі күні үлкен сауда үйлерінің дүкендерінде, киоскілерінде сату­шы болып істейтіндердің түгелге жуығымен еңбек қатынастары рәсімделмегені күмәнсіз.
Шағын кәсіпкерлер тұрмақ, Кәсіподақтар орталығымен бірге, еңбек ұжымдарымен кездесуге Макат ауданына барған кезде, «АИС ГРУПП» компаниясы мен Локомотив депосының 11 жұ­мыс­шысының құқықтары өрес­кел бұзылып, еңбек шарттары жасал­ма­ғаны, зейнетақы, әлеуметтік жарналар аударылмағаны анық­тал­ды. Жұмысшылардың аты­нан Алматы қаласындағы ең­бек инспекциясына бірнеше рет арыз жазып, нәтижесінде жұмыс­шылардың барлық талабы қана­ғат­тан­дырылды. Еңбекшіні әлеуметтік жағынан қорғансыздыққа ұшырат­қан компанияға ықпал етіп, бір жылғы өтіп кеткен уақытқа еңбек қаты­настарын заңдастырып, зейнет­ақы, әлеуметтік жарналарын аудар­туға қол жеткізгенбіз. Осы 11 жұмысшының облыстық газетке жариялаған алғысхаты кәсіподақ атына айтылған алғыс деп түсінемін.
Кейбір жұмысшылар, әсіресе жастар, бүгінгі күні қолдарына ақша алып отырғанына риза болып, еңбек қатынастарын заңдастыруды талап етпейді. Себебі, кейбірі қолма-қол ақшаны көбірек алғысы келеді, кейбіреуі жұмыс берушілеріне қарсы шығуға қорқады. Сөйтіп, еңбек­те қайғылы оқиға болса да, жүктілік, ауру жағдайында да әлеу­меттік қорғалу құқығынан айырылады. Әрі олар кейін зейнет жасына жеткенде мемлекеттің аштан өлмеу үшін берілетін ең төменгі зейнетақысын талғажау ете ме? Егер азаматтарды өздерінің қамсыз қарттығы толғандыратын болса, қазірден бастап еңбек қаты­нас­та­рын заңдастырып, зейнетақы жарналарының уақытында аудары­луы­на мұқият назар аударуы керек. Тіпті жеке өзіне жұмыс істейтін таксист болса да, жеке кәсіпкерлігін ашып, өзіне зейнетақы жарналарын аударып отырғаны дұрыс, ол – өзі­нің болашағын қамтамасыз етке­нін жұмысшыларға түсіндіруіміз керек.
– Сіз қалалық мәслихат депу­та­ты­сыз, кәсіподақ белсендісіз және заңгерсіз. Қызметіңізді қалай ұштастырасыз?
– Мәслихат депутаты болған­дықтан, қаланың қоғамдық-саяси өміріне араласамын. «Нұр­ Отан» партиясы қалалық филиа­лында қабылдау жүргізіп, тұр­ғын­дар­дың проблемаларына қанығып, шешуге қарекет етемін.
«Нұр Отан» партиясының жолдауы­мен ірі-ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елба­сы бағдарламаларын түсін­ді­ре­міз. Біздің мақсатымыз – жұмысшыларға деген құрмет. Кәсіп­одақ­қа мүше болса да, болмаса да жұмысшыларға көмектесіп, проб­­лемасын шешіп
беру – кәсіп­одақ­тың беделін арттырады деп түсінеміз. Мысалы, «Нұр Отан» пар­тиясы қалалық филиалында қоғам­дық қабылдау өткізу бары­сын­да «Андора Констракшн» ком­паниясының 17 жұмысшысы 4-5 ай бойы еңбекақыларын ала алмай жүргеніне шағымданған болатын. Олардың атынан сотқа талап-арызбен жүгініп, сотта өкілдік етіп, жалақыларын, өтемақылары мен моральдік зиян өтемін өндіру туралы шешім шығарылды. Сот шешімі толықтай орындалып, еңбекшілердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Сол сияқты, бұрын сотталған А.Тұржанов өзі­нің «Тенгизстройсервис»
ЖШС-нан еңбекке жарамсыздығына байланысты жәрдемақыны ала алмай жүргені туралы арызданды. Депутаттық сауал жолдап, сотта өкілдік етіп, жәрдемақысын толық көлемде моральдік зиян өтемімен бірге өндіру туралы сот шешімі шығарылып, толықтай орындалды. Жұмысшы құқығы қорғалды.
Мүгедек зейнеткер К.Ах­ме­това­ның құқықтары бұзылып, тұрғын үйі заңсыз иелігінен шығарылып кеткені, мүгедек анасының үйсіз қалу қаупі туып отырғаны туралы қызы Г.Ахметованың арызы менің тарапым­нан қаралып, мүгедек жан­ның атынан сотта өкілдік етіп, тұр­ғын үйді иелігінен шығару тура­лы мәміле бұзылып, тұрғын үй зейнеткер қарияның өз иелігіне қайтарылды. Еңбек өтілінің
10 жылын кәсіпорынның тарап кетуіне байланысты дәлелдей алмай, ең төменгі зейнетақыны негізсіз алып жүрген В.Булатова есімді зейнеткердің атынан сотқа арызбен жүгініп, еңбек өтілін қалпына келтіруге жәрдемдестім. 1975-1985 жылдары оның сылақшы болып қызмет еткен құрылыс кәсіп­орны­ның тарап кетуіне байланысты сот шешімімен осы жылдардағы еңбек өтілі танылып, құқығы қорғалды. Осы секілді мәселелер көп. Олардың оң шешілуіне ықпал ету – менің кәсіби және азаматтық міндетім деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

источник:  https://aikyn.kz/2018/04/07/48538.html

 


158 просмотров
Вернуться на уровень выше
Санатории и гостиницы ФПРК