Наш контактный телефон
+7 (7122)
35-55-24
Обратная связь
Поиск по сайту

28 - сәуір Дүниежүзілік еңбекті қоғау күніне орай жүргізілген рейд есебі

3 мая 2018

           28 - сәуір  Дүниежүзілік еңбекті қоғау күніне орай, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен,  екі  бастауыш кәсіподақ ұйымдарына қызметкерлердің  жұмыс орындарындағы қолайлы еңбек жағдайлары мен   еңбек қауіпсіздігін, зияндылығы мен орындалатын жұмыстарының  ауырлығын, еңбек гигиенасын сақтау, бағалау және еңбекті қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестігін    бақылау,  тексеру мақсатында  рейд  жүргізілді. 

      «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі  Атырау облыстық филиалының төрағасы Абилов Шыңғыс бастаған  бақылаушы  топты, Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы  Елеманов Саламат, Атырау облыстық еңбек  инспекциясы басқармасының  жетекші маманы Джаббасов Сырым Әменұлы, Ұлттық сараптама орталығының бас маманы Нәсіп Доспаева және облыстық Атырау  газетінің тілшісі Базарбаев Азамат толықтырды.  Мекемені аралау барысында  бақылаушы топ мүшелері Атырау  облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№ 4  арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы Күзембаева Қилымқас Исабайқызымен кездесіп, медбикелермен, емделушілермен пікір алмасты. Аралау барысында байқағанымыз, аурухананың материалдық базасы жақсы,  ғимарат іші жарық, жылы,  дәрігерлер мен медбикелерге  тиісті жұмыс орны  және  демалыс бөлмелері  толықтай жабдықталған.  Мекемеде 72 адам қызмет етеді. Жұмыс уақыты қызмет түріне қарай 8 сағатты,  күндізгі және түнгі ауысымда  24 сағатты құрайды.  Ұлттық сараптама орталығының бас маманы Нәсіп Доспаева   емделушілердің жатын бөлмесі, асхана, емдеу- сауықтыру бөлмесі  мен  қызметкерлердің демалыс бөлмелеріне, арнайы өлшеуіш құралдарымен  сынама жасады.  Ауа ылғалдығы, қысымы, концентрациясы зиянды ауа бөлшектеріне,  электротолқынды сәулелер мөлшеріне сараптама жасады. Атырау облыстық еңбек  инспекциясы басқармасының  жетекші маманы Джаббасов Сырым  мекеме қызметкерлеріне еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігі бойынша қысқаша мәлімет беріп өтті. Осы кездесуде халық пен оған қызмет көрсететін жандар арасындағы байланыс жақсы екеніне көзіміз жетті.

         Бақылау тобы   осыдан соң  Атырау қалалық  мұрағат  мекемесін бетке алды.  Мұрағат басшысы Әлпиярова Жаңылсын Елеуқызымен кездесіп, ғимаратты аралап шықты.  Мұрағат мекемесі  байырғы 2 қабатты балабақша  ғимаратында орналасқан, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, қызметкерлердің еңбек жағдайы сын көтермейді. Мекеме басшысы Жаңылсын Елеуқызы бұл мәселені көтеріп  бірнеше рет  Мәдениет басқармасына хат жазғанымен, оң  нәтиже  бермегенін алға тартты. Мекемеде барлығы 12 адам қызмет жасайды, оның ішінде 3 қызметкер, Атырау  облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жолдауымен келіп отыр.  Жұмыс уақыты 8 сағатты құрайды. Қызметкерлердің жас аралығы 25-56 жас. 

        Мұрағатта  құжаттарды жылдар бойы сақтау үшін темоль, формальдегид химиялық өңдеуіш сұйықтықтарын пайдаланады. Ұлттық сараптама орталығының бас маманы Нәсіп Доспаева  ұшпа химикаттардың көзі болып табылатын мұрағат қоймасына  зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижелері сын көтермейді. Ол адам ағзасына зиянды, алайда  бұл жерде  арнайы киім, қолғап, тыныс алу жолдарын қорғайтын құралдарымен жабдықталмаған.  Мекеме басшысы Жаңылсын Елеуқызы үкімет тарапынан еңбекақыға қосымша 30 пайыз өтемақы   төленетінін айтып өтті. Атырау облыстық еңбек  инспекциясы басқармасының  жетекші маманы Джаббасов Сырым  Әменұлы  мекеме қызметкерлеріне  еңбек  орнындағы қолайсыз жағдайды түзетуге  мүмкіндігінше  көмектесетінін,  Қазақстан Республикасының әрбір азаматы осы және келешек ұрпақтың денсаулық жағдайына теріс әсер етпеуі тиіс қолайлы ортада өмір сүруге, еңбек етуге құқылы екенін айтып өтті.

            Рейд соңынан Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты: Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өту және еңбекті қорғау бағытындағы атқарылып жатқан іс-шараларды, мәселелерді талқылау болды. Өз кезегінде сөз алған  Атырау облыстық еңбек  инспекциясы басқармасының  жетекші маманы Джаббасов Сырым  Әменұлы   барлық кәсіподақ мүшелерін, белсенділерін құттықтап, болашақта осындай шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек екенін айтты.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі  Атырау облыстық филиалының төрағасы Абилов Шыңғыс барлық қатысушыларға рахметін айтып, қолдау көрсеткен мекеме басшыларына ризалығын білдірді.

Дайындаған  Базаргалиева Балауса

 


202 просмотров
Вернуться на уровень выше
Санатории и гостиницы ФПРК