Наш контактный телефон
+7 (7122)
35-55-24
Обратная связь
Поиск по сайту

КӘСІПОДАҚҚА АРТАР ҮМІТІМІЗ КӨП

1 марта 2019

Мемлекет басшысы кәсіподақтар еңбек қатынастарын реттеуде және еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында сындарлы диалог орнатуда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Ал сындарлы диалог еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек қатынастарын реттейтін екіжақты келісімшарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болған жағдайда орнайтыны мәлім. Барлық іс-әрекет заң шеңберінде және ашық болуы тиіс. Алайда сол ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы реттеліп отыратынын ескермейтіндер де жоқ емес. Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіподақ ұйымдарына деген көзқарас та, пікір де өзгере бастаған. Өйткені ұйым жұмысына енгізіліп жатқан жаңалық көп. Жасыратыны жоқ, кәсіподақты әлі күнге дейін өзі және отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, лагерьлерге жолдама беретін ұйым ретінде қабылдайтындар баршылық. Сөйте тұра, кәсіпорындардағы қандай да бір даулы немесе әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтан белсенділікті талап етеді. Кәсіподақтар қызметін жаңғыртуда алға қойылатын міндет пен мақсат көп. Оны жүзеге асыруда еліміздің Кәсіподақтар федерациясының 2018-2019 жылдарға арналған жаңғыру жол картасы қабылданып, тиісті іс-шаралар атқарылуда. Кәсіподақтар федерациясы республикамыздағы ең саны көп ұйым саналатыны да көп жайтты аңғартады.
Айталық, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен 80 мыңнан астам мүшесі бар 1 салалық, 10 облыстық филиал және 3 жергілікті кәсіподақ қызмет етеді. Бірлестіктің негізгі қызметі – өңір жұмысшыларының еңбек құқығын, әлеуметтік-экономикалық және кәсіби құқықтарын қорғау, жұмыс берушілермен өзара тиімді әлеуметтік ынтымақтастықты ұйымдастыру, облыс көлеміндегі барлық кәсіподақ ұйымдарын біріктіру және үйлестіру, кәсіподақтармен ынтымақтастық пен тәртіпті нығайту, мемлекеттік органдарда, жұмыс берушілер және олардың бірлестіктерінде және соттарда өкілдік етіп, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Атырау облысы кәсіподақтар орталығы Атырау облысы әкімдігімен, Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы, облыстық сот және басқа да мемлекеттік органдармен, «Нұр Отан» партиясымен өзара байланыста әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда облыстық Кәсіподақтар бірлестігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыста. Жеке немесе ұжымдық еңбек дауларына мониторинг өткізіп кәсіподақтық тәуекел картасын жасақтап, алдағы уақытта еңбек дауларын болдырмасқа арналған ұсыныстарымызды қарау үшін облыстық үшжақты комиссиясына ұсынамыз.
Атырау облысында еңбек дауларын шешу мақсатында облыстық сотпен бірлесе отырып, кәсіподақ үйінде Татуластыру орталығы ашылды. Өткен жылы еңбек дауларының алдын алу мақсатында бірлестік жұмысшылармен, отызға жуық компанияның еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Соның нәтижесінде, сенім артып, «Алтиес Петролеум Интернешл» компаниясының 100 жұмыскері ұжымдық шағымымен кәсіподақтар көмегіне жүгінді. Шағым мазмұны – еңбекақы мөлшерін көтеру, зиянды жұмыс үшін қосымша ақы төленбеуі және тағы да басқа мәселелер. Жедел түрде жұмыс берушімен кәсіподақ алаңында кездесу өткізіліп, соңынан жұмысшыларды бастап компанияның кеңсесінде кездесіп, кәсіби келіссөздер жүргізу арқылы ұжымдық еңбек дауының алды алынды. «ЮСС Супорт Сервисез» компаниясында 700-ге жуық жұмыскер жалақы мөлшерін көтеру мәселесімен Еңбек инспекция басқармасына және облыстық кәсіподаққа жүгініп, ұжымдық еңбек дауы әлі күнге дейін жалғасуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиналыста компания басшыларына еңбек дауларының алдын алу мақсатында тиісті меморандум жобасы ұсынылып, жұмыс берушімен талқылануда. Бүгінгі таңда 200-ге жуық жұмыскердің мүддесін қорғау мақсатында кәсіподақ тарапынан сотқа тиісті талап-арыз дайындалуда. Баршамызға мәлім, Теңіз, Қарабатан кең орындарында компаниялар ТШО мен НКОК компаниялары арасындағы мердігерлік шарттардың мерзімі аяқталуына байланысты жұмыскерлерін босатуды көздейді. Ал кейбір мердігерлер шарттың мерзімі аяқталысымен жұмыскерлерді босата отырып, жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдайды. Демек, «егер қызметкердің саны қысқарса, жаңа жұмысшы неге қабылданады?» деген орынды сұрақ туындайды. ТШО және НКОК компанияларының мердігерлері қызметкерлерді босату кезінде кәсіпорынның бүкіл штат кестесін емес, тек контрактың бөлігіне қатысты штат кестесін ғана өзгертіп, жұмысшыларды заңсыз жұмыстан босатуға жол береді. Осыған орай, жұмыскерлер санын немесе штатын қысқарту шын мәнінде жүргізілген-жүргізілмегені, заңнамалық актілерде көзделген жұмыскерлерді босату тәртібінің сақталған-сақталмағаны, олардың орнына басқа адамдардың алынған-алынбағаны белгісіз болып қала береді. Бұл бағытта Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы кәсіподақтармен бірлесіп айтылған мәселені шешу жолдарын іздестіру қажеттілігі туындап отыр.
Еңбек қауіпсіздігі бағытында кәсіподақтардың бастамасы бойынша облыстық үшжақты комиссиямен 2018-2020 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» өңірлік бағдарламасы мақұлданды. Аталған мәселе бойынша Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып 22 кәсіпорынның өндірістік кеңесінің жұмысы туралы комиссия отырысы өткізіліп, кеңес жұмысын алға қарай жандандыру жөнінде бағдар берілді. Жалпы, өңірде 96 кәсіпорында өндірістік кеңес құрылып, жұмыс берушінің, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша талаптарды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттануды және кәсіби аурулардың алдын алу, жұмыс орындарындағы жағдайларды және еңбекті қорғауды ұйымдастыруын тексеру бағытында 158 техникалық инспектор қызмет етіп, кәсіпорындарда еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм мен білімнің салтанат құруын дамытуға үлкен назар аударылды. Бүгінде мамандықтардың құрылымы күрделеніп, мәні өзгеріп жатқанын байқаймыз. Жұмыс берушілер бірінші орынға қызметкерлердің білігі мен дағдысына көңіл бөледі. Себебі, адам тек бір салада кәсіби жұмысшы ретінде танылу емес, қажетті жағдайда өзінің кәсіби қызмет саласын ауыстыруға даяр болатын қызметкер іздейді. Бәсекеге қабілетті еңбек ресурсын қалыптастырудың басты шартының бірі – еңбек және білім беру нарығының өзара іс-қимылы. Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастырудың жаңа кезеңі кадрлардың ұтқырлығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Өмір бойы оқу» қағидасы арқылы әр адамның жеке дамуына алып келеді. Елбасының жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыру мақсатында 2019 жылды Жастар жылы жариялағанын ескере отырып, кәсіподақтар Атырау қаласында Республикалық жастар форумын өткізуге дайындық жұмыстарын ұйымдастыруда. 
Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ, Атырау аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Облыстық мәслихат депутаты
 

9 просмотров
Вернуться на уровень выше
Санатории и гостиницы ФПРК