Біздің байланыс телефонымыз
+7(7122)
35-55-24
Кері байланыс
Сайт бойынша іздеу

БАС КЕЛІСІМ

Қазақстан Республикасының Үкіметі, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2015 – 2017 жылдарға арналған

БАС КЕЛІСІМ

 

Біз, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (бұдан әрі – Тараптар) өкілетті өкілдері:

Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау;

мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластығы мен олардың мүдделерін білдіруде ымыраға барынша қол жеткізу;

«Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асырудағы ынтымақты жауапкершілік және оның жер-жерлерде іс жүзінде жүзеге асырылуына ықпал ету;

әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу;

лайықты еңбек ету үшін жағдайларды қамтамасыз ету ісінде сындарлы өзара іс-қимыл мен қызметкерлер мен жұмыс берушілердің әлеуметтік-экономикалық мүдделері, қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

2015 − 2017 жылдары әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу барысында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша Тараптардың келісілген ұстанымдарын және оны іске асырудың бірлескен іс-қимылдарын айқындайтын 2015 − 2017 жылдарға арналған осы Бас келісімді (бұдан әрі – Келісім) жасастық.

 

1. Экономикалық саясат

Тараптар алдағы кезеңде мемлекетіміздің экономикалық саясаты «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыруға, ұлттық экономиканың тұрақтылығын, әлеуметтік дамуды және адам капиталына салынған инвестициялардың өсуін қамтамасыз етуге бағытталған болуға тиіс деп есептейді. Ішкі сұраныстың өсуі, экспорт үшін сыртқы жағдайдың жақсаруы, инвестициялардың өсуі, сондай-ақ еуразиялық экономикалық интеграцияның тереңдеуі Қазақстан экономикасының осы кезеңдегі өсуінің негізгі факторлары болады.

Осыған байланысты Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

1) экономиканың ықтимал даму нұсқалары кезінде қатерлерді азайтуға бағытталған макроэкономикалық саясатты жүргізу негізінде                                      2015 − 2017 жылдары теңгерімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуге ықпал ету;

2) мыналарды:

«Қазақстан – 2050» стратегиясын;

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын;

Қазақстан Республикасында 2006 – 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын;  

Индустриялық-инновациялық дамудың 2015 − 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын;

Білім беруді дамытудың 2011 − 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын;

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың  2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын;

Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын;

Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2014 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын;

«Агробизнес – 2020» агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын;

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын;

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын;

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру;

3) өндірісті жаңғыртуда, дамытуда және құруда инвестициялар тарту үшін кәсіпкерлерді ынталандыру тетіктерін жетілдіру және енгізу;

4)  көлік инфрақұрылымын және транзит әлеуетін дамытуға ықпал ету;

5) агломерациялар қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу және одан әрі іске асыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

6) Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызметі шеңберінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуымен Тараптар мүдделерін ескеруге және тең сақтауға ықпал ету;

7) қолайлы бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, кедергілерді жою жөніндегі шараларды әзірлеуге және бәсекелестік қатынастарды дамытуға ықпал ету;

 8) табиғи монополиялар субъектілерін тариф деңгейінің болжануын және тұрақтылығын қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік реттеу жөніндегі жұмысты жалғастыру;  

9) Қазақстан Республикасының орта мерзімді перспективаға арналған бюджет саясатының негізгі бағыттары, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің болжамы және әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша консультациялар өткізу;

10) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен (келісім бойынша) бірлесіп, қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған қаржылық секторды дамыту жөніндегі шараларды қабылдау;

11) экономикалық өсуді ынталандыруға және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз етуге бағытталған бюджет параметрлерін қалыптастыруға ықпал ету;

12) тауар өндірушілер мен қызметтер және тұтынушылар арасындағы мүдделерді тең сақтау қажеттілігіне сүйене отырып, тарифтік саясат шараларын жүзеге асыру;

13) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне және инвестициялық бағдарламаларына қоғамдық сараптама жүргізуге ықпал ету;

14) Кәсіпкерлік қызметті 2020 жылға дейін мемлекеттік реттеу тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

15) рұқсат берулер мен хабарлаулар туралы заңнамаға «кіріктірілген рұқсат беру жүйесі» қағидатын енгізуге ықпал ету;

16) кәсіпкерлік саласында басқарудың тиімді модельдерін әзірлеу;

17) кәсіпкерлік пен бәсекелестік еркіндігі, кәсіпкерлік қоғамдастығының өзін-өзі реттеу тетігін дамытуы, меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етуі үшін жағдай жасау жөніндегі шараларды одан әрі жүзеге асыру;

18) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидаттары мен стандарттарын енгізуге ықпал ету.

 

2. Халықты тиімді жұмыспен қамтуға және адам капиталының дамуына жәрдемдесу

Тараптар жауапкершілікті бөлу негізінде нәтижелі жұмыспен қамтуға, лайықты еңбек жағдайларын кеңейтуге жәрдемдесу және адам әлеуетін оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысында дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет деп есептейді.

Бұл процестер халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын дамыту саласында әлеуметтік әріптестердің тиімді өзара іс-қимылымен қолдауға ие болуға тиіс. Осы мақсаттарда Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

1. Мынадай іс-шараларды:

1) ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжамды жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқорын қалыптастыру;

2) Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту;

3) 50 жастан асқан адамдарды қайта даярлау, біліктілігін және ұтқырлығын арттыру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру.

 2. Экономиканың даму басымдықтарын ескере отырып, еңбек ресурстарының, кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау сапасын арттыруға бағытталған шараларды, оның ішінде:

1) техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, оның материалдық-техникалық базасын дамыту және экономиканың инновациялық даму қажеттілігіне қарай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін бейімдеу;

2) өңірлік индустрияландыру карталарына байланысты дуальді білім беруді енгізу;

3) кадрларды даярлау және қайта даярлаудың салалық бағдарламаларын әзірлеу;

4) ұйым қызметкерлерін ішкі өндірістік оқытуды дамыту, сондай-ақ жұмыстан босатылатын қызметкерлерді алдын ала кәсіптік оқыту;   

5) кадрларды сертификаттау жүйесін қалыптастыру;

6) кәсіптік білім беру және қосымша кәсіптік білім негізінде кәсіби ұтқырлықты дамыту;

7) ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, кәсіптік стандарттарды, білім беру стандарттарын әзірлеу, жұмысшылар мен кәсіптердің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және басшылардың, мамандардың және қызметшілер лауазымдарының бірыңғай біліктілік анықтамалығын жаңғырту.

3. Салалық және өңірлік келісімдерде, ұжымдық шарттарда жұмыс орындарын сақтау және 50 жастан асқан адамдарға лайықты еңбек жағдайларын жасау жөніндегі ережелерді қарастыру.

4. Халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың ұлттық еңбек нарығын қорғау бөлігінде сақталуын қамтамасыз ету, жоғары білікті жұмыс күшін тарту үшін жағдай жасау.

5. Тараптар бұл ретте:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі келеңсіз ахуалдар туындаған жағдайда еңбек нарығындағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған шараларды қабылдау;

2) қалалар мен елді мекендерде экономикаға қайта құрылымдау жүргізгенде, жұмыспен қамту құрылымын әртараптандыру кезінде халықты жұмыспен қамтуды қолдау тетіктерін жетілдіру;

3) жұмысынан айрылған немесе толық емес жұмыспен қамтылған жағдайда азаматтарды қолдау және материалдық кепілдік беру құралдарын жетілдіру;

4) халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қызметтер сапасын ұдайы бағалауды (мониторинг жүргізуді) жүзеге асыру қажет деп есептейді.

6. Халықаралық еңбек ұйымының «Көші-қон саласындағы асыра пайдаланушылық пен көшіп-қонушы еңбекшілерге тең мүмкіндік беру және оларға тең қарауды қамтамасыз ету туралы» № 143, «Көшіп-қонушы еңбекшілер туралы» № 97 конвенцияларын ратификациялау жөнінде техникалық консультациялар өткізу жұмыстарын жалғастыру.

 

3. Тұрғындардың еңбек өнімділігі, жалақысы,  табысы мен өмір сүру деңгейі

Тараптар алдағы кезеңде қызметкердің лайықты еңбекке құқығын, нақты жалақының деңгейін арттыруды, табыс саясатын жетілдіруді және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру қажет деп есептейді.

Осы мақсаттарда Тараптар еңбекті ұйымдастыруға және жалақыны жетілдіруге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, экономиканы тұрақты дамыту мақсатымен еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

1) Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) отырыстарында мониторинг нәтижелерін қарай отырып, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейіне мониторинг жүргізу;

2) ең төменгі күнкөріс деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыру;

3) алдағы қаржы жылына арналған жалақының ең төменгі мөлшерін белгілеу рәсімі жөнінде консультациялар өткізу;

4) Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» № 131 конвенциясын ратификациялау жөнінде техникалық консультациялар өткізу жұмыстарын жалғастыру;

5) еңбекті нормалаудың тиімді жүйесін жетілдіру және құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

6) еңбек жөніндегі үлгілік нормалар мен нормативтерді әзірлеу бойынша жұмыстарды жалғастыру;

7) еңбек жөніндегі нормативтерді іске асыру және кәсіпорындардың еңбекті нормалау жүйесімен қамтылуын кеңейтуді қамтамасыз ету; 

8) салалық келісімдерге тиісті саладағы ауыр жұмыстармен, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстармен айналысатын қызметкерлер үшін салалық арттырушы коэффициенттердің мөлшерін енгізуді қамтамасыз ету;

9) тең дәрежелі жұмыстарды орындау кезінде және тиісті біліктілікке сәйкес келетін шетелдік және отандық қызметкерлер арасында еңбекақы төлеу саласында кемсітушілікке жол бермеуге ықпал ету;

10) әлеуметтік шиеленістерге және еңбек жанжалдарының туындау қатерлеріне, еңбек заңнамасы нормаларының сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізу және жарты жылда бір рет мониторингтің нәтижелерін Комиссия отырыстарында қарау;

11) тиісті саладағы ауыр жұмыстармен, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстармен айналысатын қызметкерлер үшін ең төмен еңбекақы төлеу стандартын айқындаудың және салалық арттырушы коэффицентті есептеудің бірыңғай әдістемесін қабылдау жөнінде консультацияларды жалғастыру;

12) экономика салаларындағы еңбекақы төлеу жүйесінің негізгі қағидаттары бойынша келісілген ұсыныстар әзірлеу жөнінде консультациялар өткізу;

13) азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін енгізуге ықпал ету.

 

4. Әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау, халықтың нысаналы топтарын әлеуметтік ықпалдастыру

Әлеуметтік саланы жаңғырту және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді және тұрақты жүйесін дамыту, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

1. Әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік стандарттар жүйесін жетілдіру, оларды халықаралық стандарттар мен нормативтерге сәйкес келтіру  мақсатында жұмыстарын жалғастыру.

2. Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төмен нормалары туралы» № 102 конвенциясын ратификациялау жөнінде техникалық консультациялар өткізу жұмысын жалғастыру.

3. Жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қатер туындаған жағдайда   барабар әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты мынадай:

1) сақтандыру қағидаттары мен әлеуметтік әділдікті сақтау; 

2) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын сақтау;

3) әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнама талаптарының  сақталуы үшін әлеуметтік жауапкершілікті арттыру (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы әрі толық төлеу, қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру) жолдарымен жалғастыру.

4. Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға ықпал ету.

5. Тегін медициналық көмектің мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды айқындау және іске асыру.

6. Жұмыс орнында, әлеуметтік мәні бар аурулардың профилактикасын қоса алғанда, денсаулықты сақтауға бағытталған корпоративтік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру тәжірибесін таратуға жәрдемдесу.

7. Салалық, өңірлік келісімдер және кәсіпорындар мен ұйымдарда ұжымдық шарттар жасаған кезде денсаулықты сақтау, сондай-ақ жұмыс істейтіндерді сауықтыру, дене тәрбиесімен және спортпен айналысуына жағдай жасау үшін жұмыс беруші мен қызметкердің ынтымақтасқан  жауапкершілігін күшейту жөніндегі шараларды көздеу. 

8. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру және оларға  қолжетімді инфрақұрылымды («кедергісіз ортаны») қалыптастыру жөніндегі шараларды күшейту.

 9. Тараптар  мынадай:

1) халықтың табыс деңгейі әртүрлі топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін  қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шараларды әзірлеу;

2) тұрғын үй және коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеу, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша консультациялар өткізу туралы уағдаласады.

10. Қазақстан Республикасында 2006 – 2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың:

1) ана мен баланы қорғауды, әйелдерді әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы гендерлік проблемаларды шешуге;

2) балалардың күтімімен және олардың тәрбиесімен айналысатын ерлер мен әйелдерді тең құқықтар негізінде қолдауға;

3) әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі өкілдігін арттыруға бағытталған шараларын жүзеге асыру.

11. Салалық, өңірлік келісімдер мен ұйымдарда ұжымдық шарттар жасаған кезде әйелдердің, жастар мен мүмкіндіктері шектеулі адамдардың негізгі құқықтары мен кепілдіктерін көздеу.

12. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі мен батылдығына шынайы құрмет көрсете отырып және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық  мерейтойы  қарсаңында, олардың  әлеуметтік-экономикалық құқықтарын  және заңды мүдделерін  жан-жақты  қорғаудың  ерекше маңызын  мойындай отырып, Тараптар, Ұлы Отан соғысының  мүгедектері мен  қатысушыларына, соларға теңестірілген адамдар қатарындағы бұрынғы қызметкерлерге  2015 жылдың ішінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету (қоғамдық көлікте тегін немесе жеңілдікпен жүру, тұрғын үйді жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, тіс протездеу, санаторий-курорттық емдеуге жолдама беру, материалдық көмек көрсету және т.б.) жөнінде өздеріне  міндеттеме  қабылдайды.

 

5. Еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік

Келісім Тараптары адам ресурстарын сақтауды ұлттық басымдықтардың бірі деп есептей отырып, еңбек жағдайларын және еңбекті қорғауды, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті жақсарту мәселелерін қарап:

1. Кәсіптік қатерлер мен еңбекті қорғауды басқарудың кешенді әдістерін басқару жүйесін енгізуді қамтамасыз ететін заңнаманы, қауіпсіз еңбек жағдайларын  жасау, қауіпсіз техника және технологияларды енгізу мақсатында еңбек жағдайлары сараптамасының рөлін арттыруды жетілдіруге.

2. Кәсіптік аурулардың алдын алу, ерте анықтау және кәсіптік қатерлерді басқару тетіктерін күнделікті өндірістік практикаға енгізу шараларын қоса алғанда, қызметкерлердің өмірін сақтау мен денсаулығын сақтау жөніндегі превентивті іс-шаралар кешенін әзірлеуге және іске асыруға.

3. Жергілікті органдардың еңбек инспекциясы жөніндегі жұмыс әдістемесін Халықаралық Еңбек Ұйымының «Өнеркәсіптегі және саудадағы  еңбек инспекциясы туралы» № 81 Конвенциясымен сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жүргізуге.

4. Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлардың рөлін күшейту  жөнінде ұсыныстар дайындауға.

5. Еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-әрекеті үшін  ұйымдарда Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау комитеттерін (комиссияларын) құруға ықпал етуге.

6. Салалық және өңірлік деңгейде Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кеңесті құруға ықпал етуге.

7. Еңбекті қорғау жөніндегі персоналды қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, оқытуға және кешенді даярлауға, еңбекті қорғау жөніндегі құқықтық мәдениетті  арттыруға,  өндірістік жарақаттар мен кәсіптік ауруларды төмендетуге бағытталған превентивті іс-шараларды қаржыландыру бойынша шаралар  қабылдауға.

 8. Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін тиімді жоюға бағытталған ұлттық саясатты сақтауға және оны іске асыруға ықпал етуге.

9. Статистикалық есептілікті жетілдіруді қоса алғанда, еңбек жағдайлары мен оны қорғаудың жай-күйіне мониторинг жүргізу жүйесін дамытуға.

10. Халықаралық еңбек ұйымының АИТВ/ЖИТС және еңбек саласы туралы (№ 200) ұсынымдарын ілгерілету бойынша шаралар қабылдауға.

11. Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге.

12. Халықаралық еңбек ұйымының «Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы» № 187 конвенциясын іске асыру жұмыстарын жалғастыруға міндеттенеді.

 

6. Әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік жауапкершілік

Тараптар әлеуметтік және экономикалық даму, еңбек қатынастарын реттеудің негізгі мәселелері бойынша шешімдер  қабылдаған кезде, әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытуды, оның мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет деп есептейді және өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

1. Тараптардың мүдделерін келісудегі Комиссия рөлін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру және:

1) «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңын және оның ілеспе Заңын ескере отырып, Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді;

2) әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұдайы консультациялар өткізуді;

3) әлеуметтік-еңбек мәселелері жөніндегі заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауға және талқылауға Комиссияның қатысуына және солармен байланысты экономикалық қатынастарын қамтитын Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларын орындауды;

4) Бас, салалық және өңірлік келісімдердің, ұжымдық шарттардың орындалуы мен олардың  мазмұнын нақтылау міндеттілігін;

5) әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссиялардың еңбек қатынастарын реттеу деңгейлері жөніндегі өкілеттіктерін айқын ажыратып бөлуді және кеңейтуді;

6) ұжымдық шарттар мен келісімдердің орындалмағаны үшін  жауапкершілікті күшейтуді  қамтамасыз ету.

2. Әлеуметтік әріптестік жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуын, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеуді және ұжымдық еңбек дауларын шешудің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру.

3. Мынадай іс-шараларды жүзеге асыру:

1) салалық, өңірлік деңгейлерде консультациялар, мониторинг жүргізу және келісімдер жасау тәжірибесін талдау, сондай-ақ Комиссия отырыстарында талдау нәтижелерін қарай отырып, әлеуметтік әріптестік органдарының жұмыс тәжірибесін жүргізу;

2) әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік әріптестік жүйесін және оның салалық және өңірлік деңгейлердегі институттарын дамытуға жәрдемдесу жөніндегі үш жақты комиссиялардың халықаралық тәжірибесін зерттеу және тарату;

3) Халықаралық еңбек ұйымының «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы» № 154 Конвенциясын ратификациялау  бойынша  техникалық консультациялар өткізу.

4. Халықаралық еңбек ұйымының «Қауымдастықтардың бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау туралы» № 87, «Кәсіпорындардағы еңбекшілер өкілдерінің құқықтарын қорғау және оларға берілетін мүмкіндіктер туралы» № 135 конвенцияларына сәйкес ұйымдарда қызметкерлер өкілдерінің еркін қызметі үшін жағдай жасауға ықпал ету.

5. Тараптар:

1) өздеріне байланысты ұжымдық еңбек дауларын реттеу, еңбек қатынастары саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың барлық шараларын қабылдауға;

2) жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудің қалыптасқан тәжірибесін зерттеу және еңбек дауларын болдырмау рәсімдерін жетілдіру, қолданыстағылардың тиімділігін және қолжетімділігін арттыру және жаңа тетіктері мен оларды шешу нысандарын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге;

3) еңбек заңнамасы негіздерін түсіндіру бойынша бірлескен семинарлар, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек дауларында ымыраға қол жеткізу жөнінде бірлескен оқыту тренингтерін  өткізуге;

4) шағын және орта бизнес ұйымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын  ұжымдық-шарттық реттеу практикасын дамытуға жәрдемдесуге;

5) жұмыс берушілер бірлестіктерінің бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы бастамаларын одан әрі дамыту, ұйымдардың әлеуметтік есептерді дайындау тәжірибесін, Халықаралық стандарттау ұйымы қабылдаған Халықаралық әлеуметтік жауапкершілік стандартын тарату қажеттігін қолдауға;

6) БАҚ-пен бизнестің әлеуметтік инвестицияларына және табысты әлеуметтік әріптестік үлгілеріне қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға;

7) қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған шараларды қабылдауға міндеттенеді;

8) бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізуге, конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін қарау нәтижелеріне,     сондай-ақ оның лауреаттарын айқындау және марапаттауға қатысты материалдарды қарау жұмыстарына қатысуды қамтамасыз етуге;

9) заңнамалық және жалпы танылған халықаралық нормалар мен кәсіподақтар бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері бір-бірінің қызметіне араласпау туралы қағидаларды сақтауға, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер ұйымдарын құруға және жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге;

10) Халықаралық еңбек ұйымымен қарым-қатынасты дамытуға ықпал етуге, Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбек қағидаттарын іске асыру үшін бірлескен жұмысты қамтамасыз етуге;

11) Қазақстан Республикасының Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын және басқа да халықаралық шарттарды ратификациялауы туралы ұсыныстар дайындау жөнінде консультациялар өткізуге, сондай-ақ ратификацияланған конвенциялардың іске асырылуының құқық қолдану тәжірибесіне талдау жасауға;

12) салалық және өңірлік деңгейлердегі келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыруға міндеттенеді, ол үшін жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері, кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері және еңбек жөніндегі мемлекеттік уәкілетті орган кейіннен Комиссияда бекіту үшін кемінде бір өкілін айқындайды және Комиссия үйлестірушісіне ұсынады.

Келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысу жөніндегі қалыптасқан байқаушылар тобы жыл сайын, жарты жылдық негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың деңгейінде Комиссияда қарауға салалар мен өңірлер бойынша жеке-жеке жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы ақпарат береді.

6. Тараптар:

1) жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктерінің әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын әзірлеуге және қарауға қатысуын қамтамасыз етуге келісті, ол үшін мемлекеттік орталық органдар әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын тиісті ұсыныстар алу үшін жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктеріне жібереді;

2) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын қажеттілігіне қарай Комиссия отырыстарында қарауды қамтамасыз етуге келісті. 

 

7. Келісімнің  қолданылуы және оның орындалуын бақылау

Тараптардың осы Келісімнің ережелерін орындауын үйлестіру мақсатында, Тараптар төмендегі туралы келісті:

Тараптар Келісімді Қазақстан Республикасында 2015 − 2017 жылдарға арналған келісілген әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу жөніндегі басым бағыттар мен қажетті іс-қимылдарды белгілейтін, әлеуметтік әріптестіктің негізгі құжаты деп таниды.

1. Тараптардың бірінің ұсынысы бойынша Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар жеке хаттамалармен ресімделеді және қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

2. Келісім келіссөздер және салалық (салааралық) келісімдер жасау, облыстық, аумақтық (қалалық, аудандық) келісімдер және ұйымдарда ұжымдық шарттар жасау үшін негіз болады.

3. Келісім келіссөздер және салалық (салааралық) келісімдер жасау, облыстық, аумақтық (қалалық, аудандық) келісімдер және ұйымдарда ұжымдық шарттар жасау үшін негіз болады.

4. Келісім бойынша Тараптардың міндеттемелері мен Комиссияның ұсынымдары (шешімдері) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық), салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар жасаған кезде ескерілуге тиіс.

5.  Кейінгі жылдарға арналған Бас келісім 2017 жылғы 25 желтоқсаннан кешіктірілмей, салалық және өңірлік келісімдер – 2018 жылғы ақпаннан кешіктірілмей жасалады.

6. Жұмыс берушілер мен қызметкерлердің бірлестіктері ұжымдық шарттар жасауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды тиісті жылдың наурыз айынан кешіктірмей қабылдайтын болады.

7. Осы Келісімнің қолдану кезеңінде және міндеттемелерін орындаған жағдайда Келісімге қол қойған қызметкерлердің республикалық бірлестіктері Тараптар арасындағы даулы жағдайларды тиісті деңгейлерде және Комиссияда      алдын ала қарамай және шешпей ереуіл өткізбейді.

8. Тараптар нақты орындау мерзімі мен орындауға жауапты мүшелерін көрсете отырып, оны Комиссияның бекітуімен қабылданған міндеттемелерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді.

9. Комиссия шешімдері осы Келісімді іске асыру нысаны болып табылады.

10. Бас келісімнің орындалу барысын бақылауды, Тараптар  Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия туралы ережеде айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.

11. Комиссияның жұмыс тобы Келісімнің орындалу барысы туралы ақпарат дайындайды. Комиссия жыл сайын Келісім ережелерінің орындалу барысын қарайды.

12. Республикалық үшжақты комиссияның қызметін және Келісімнің іске асырылу барысын жариялау мақсатында Тараптар Қазақстан Республикасында әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік-еңбек қатынастары проблемаларына арналған материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарына ұдайы жариялап отыруды қамтамасыз етеді.

13. Осы Келісім 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және жаңа Келісім жасалғанға дейін қолданылады.

14. Бас келісім мемлекеттік органдарда, қызметкерлер мен олардың өкілдеріне, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан жұмыс берушілердің барлығына қолданылады.

15. Тараптар Келісімде көзделген, өздері қабылдаған міндеттемелерді орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

16. Келісімнің мәтіні екі апта мерзімде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық баспа басылымдарында жарияланады.

Астана қаласында 2014 жылғы 25 желтоқсанда 10 данада мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалды. Қол қоюға қатысушылардың әрқайсысында Келісімнің бір-бір данасы бар.

 

 

Осы Бас келісімге мыналар қол қойды:

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан:

 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары

Б.А. САҒЫНТАЕВ

 

 

 

__________________________

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму  министрі

Т.Қ. ДҮЙСЕНОВА

 

 

 

__________________________

 

Қызметкерлердің республикалық бірлестіктері атынан:

 

Қазақстан Республикасы

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

А.Қ. ҚҰСАЙЫНОВ

 

 

 

__________________________

Қазақстан Еңбек конфедерациясының

бас хатшысы

М.Р. МАШКЕНОВ

 

 

 

__________________________

Қазақстан ерікті кәсіподақтарының конфедерациясы төрағасы

Л.Н. ХАРЬКОВА

 

 

 

__________________________

 

Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері атынан:

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы

А.И. МЫРЗАХМЕТОВ

 

 

 

__________________________

Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан Тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағының президенті

Н.В. РАДОСТОВЕЦ

 

 

 

__________________________

Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының президенті

А.А. МАШКЕВИЧ

 

 

 

__________________________

Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясы басқармасының төрағасы Қ.Қ. БАЙКЕНОВ

 

 

 

__________________________

Қазақстанның кәсіпкерлер форумы

кеңесінің төрағасы                                                        

Р.А. БАТАЛОВ

 

 

__________________________

 

 

 

ҚРКФ-ның шипажайлары мен қонақ үйлері