Наш контактный телефон
+7 (7122)
35-55-24
Обратная связь
Поиск по сайту

ҚР Парламент депутаттары мен кәсіподақтар құрманғазылықтармен кездесті

8 января 2020

8 қаңтар, Атырау облысы

 

Атырау облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ізтұрған Баймұханов Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен бірге Құрманғазы ауданының тұрғындары мен кәсіподақ белсеңділерімен кездесті.

 

Халық қалаулылары алдымен құрылысы жүріп жатқан «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автожолының, Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмыстарының техникалық құжаттарымен танысып, мердігер мекеме өкілдерінің атқарған істері жайлы хабарламасын тыңдады.

Бұдан соң С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты Б.Ізмұхамбетов жиналғандармен жылышырай амандасып, өз сөзін жаңа жылмен құттықтаудан бастады. Өткен 1919 жылдың барша қазақстандықтар үшін сәтті жыл болғанын айтып, көптеген тарихи оқиғалардың орын алғанына тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар маңызды заңдарға қол қойғанын қаперге берді.

– Мал ұрлығын жасағандарға жаза күшейтілді, ол ауыр қылмыс санатына жатқызылатын болды. Сұғанақтық жасап, біреудің ақ адал малын қолды еткендер 7 миллион теңге көлемінде айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алдын ала сөз байласып адамдар тобымен жасалса 7 жылға дейін, ал қылмыстық топ құрса 12 жылға дейін түрмеге отырғызылады. Атырау өңіріндегі ең өзекті мәселелердің бірі – браконьерлікке де заң шарасы күшейтілді. 2020 жылдан бастап елімізде заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына енгізілді. Миллиондап айыппұл төлеу мен бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрлері қарастырылады. Сондай-ақ, педофилия қылмысының, есірткі жарнамалаудың, арақ ішкен мас күйінде көлік жүргізудің де жазалары күшейтілді.

Өңірлік мәні зор мәселелерді сөз етсек, алдымен судың жағдайына тоқталған абзал. Облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Жайық пен Қиғаш өзендерінің табиғи резервуарын пайдаланудамыз. Ал осы екі өзеннің су қоймалары жылдан-жылға азайып келеді. Балықтың қырылуы сияқты орын алған келеңсіздіктерге де осының қатысы болуы ықтимал. Болашақта Ақтөбе облысы жеріндегі Көкжиде кен орнының тұщы суын пайдалануды қарастыруымыз қажет. Бұл Жайық пен Қиғаштың жоғары жағында орналасқан ресейліктерге тәуелділігімізді азайтады. Бір-екі жылдан бергі қолға алынған өзендердің түбін тереңдету жұмыстары да бұл бағытта өз септігін тигізері анық. Балық – байлығымыз көбейеді, егін шаруашылығын өркендетуге зор мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады. Құс етін өндіретін цех ашылды деп отырсыздар, бұл өзге өңірде қолға алынбаған таза кәсіптің көзі ғой. Аймақ басшысы болып тұрғанымда В.Розметов деген кәсіпкер азамат облыста лимон жемісін өсіріп шығарамын деп құлшыныс білдірген болатын. Сөзінде тұрып, алғашқы жылында егістік алқабынан 160 келі лимон алса, келесі жылы 600 келіге, онан кейінгісінде 3 тоннаға жеткізді. Енді 6 тоннадан асыратынын айтып отыр. Елімізде іс бастаймын дегенге қажетті көмектің барлығы жасалады, тек ынта-жігер, талпыныс қажет, - деген ол кенжелеп қалған егіншілік кәсіпті жолға қоюды, өңірде оған толықтай мүмкіндік барын назарға берді.

Келесі кезекте сөз алған Сенат депутаты Ғ.Дүйсембаев та бірқатар өзекті мәселерді сөз етті. – Өздеріңізге белгілі, Атырау және Маңғыстау облыстары, Астана мен Алматы қалалары республикалық бюджеттің донорлары қатарына жатады. Қалған аймақтар дотациямен күн көреді, біздің облыстың табыс түсімінің біраз бөлігі аталған мақсатқа кетеді. Мұнайдан тапқан пайдамыз ұлттық қорға өтеді. Осындай донорлы аймақ бола тұра автокөлік жолдарымыздың халі нашар екені жасырын емес. Оны жер-жерде айтып та жүрміз. Ең төмен жол Батыс Қазақстанда 51 пайыз, Ақтөбе облысында 53, Атырауда 54 пайыз деңгейінде. Алдағы уақытта басталған жолдар біткен соң жағдай жақсарады деген ойдамыз. Бұл жолдар тікелей Атырау қаласының үстімен өтеді, болашақта оған соқпай өтетін айналма жолдар салу ойда бар. Жаңа Бақтықожа Салахатдинұлы айтып өткеніндей Атырау өңірінде су мәселесі өте өткір күйінде қалып отыр. Мен Ресей мен Қазақстан арасындағы ортақ комиссияның мүшесі ретінде Жайықтың суының азайып кетуіне алаңдаушылық білдіріп отырдым. Мемлекетаралық деңгейінде шешілуге атсалысып келеміз, бұл іске ғалымдарды тартуымыз қажет. Ресей жақтағылардың өздері бір-бірімен тіл табыса алмай жүр. Бұрыннан Ириклинское су қоймасы бар Орынбор облысының басшылығы қарсы болса да Башқұртстандағылар өздеріне қойма жасап алыпты. Басқа да жағдайы болар, дегенмен осыдан келіп Жайық бассейніне су жетіспестігі туындауда, - деген Сенат депутаты басқа қордалы мәселелерді сөз ете келіп, жиналғандардан өздерін толғандырып жүрген өзге де жайттар болса сауал ретінде жолдауға болатынын жеткізді.

Мінберге көтерілген Мәжіліс депутаты Б.Мамыраев төмендегі күшіне енген заңдарға түсініктерін берді. - Қабылданып, қаралып жатқан заңдардың ауқымы өте кең. Мәселен, спорт саласындағы допингке қарсы іс-әрекеттерге тоқтала кетсем, біз әлемге спорттық держава ретінде танылып үлгерген елміз. Ауыр атлетика, бокс, күрес, жеңіл атлетика болсын бірнеше чемпиондарды дайындап шығардық. Дейтұрғанмен, өкінішке орай, көптеген спортшыларымыз халықаралық VADA ұйымының құрығына ілігіп медальдары мен атақтарынан айырылып жатыр. Олар әдейі допинг қабылдап, мұндай әрекетке барып жатқан жоқ. Ағзаға басқа да жолмен енетіні, қарапайым суық тигенге қарсы дәрі-дәрмек арқылы да тыйым салынған препараттар қанға өтіп кететіні анықталды. Тіпті бірнеше жылдан соң да анықталатын жағдайдың орын алатынын естіп-біліп жүрген шығарсыздар. Спорттағы жетістіктері үшін ақшалай-заттай сыйақылар алады, шуға іліккенде оларды қайтаруға мәжібүрлі болады. Қабылданған заң мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған шара.

Ал, мұғалімдер мәртебесі туралы мәселе көптен айтылып, әлеуметтік желілерде сан көтеріліп толғауы жеткен жағдай. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» сияқты екі заң жобасына қол қойды. Мұндай заңдар бірде-бір елде жоқ, көрші Ресейдің заңдарында екі-ақ қана шағын баппен шектеледі. Заң негізінде қосымша әлеуметтік кепілдіктер, жүктемені төмендету және мұғалімдерді оның кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға, заңнамада көзделмеген есеп беруді талап етуге, басқа да міндеттерді жүктеуге жол берілмейді. Келер жылдан, яғни 1921 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету нормасы бекітілетін болады. Магистрлік дәрежесі үшін ай сайын мұғалімдерге 10 АЕК мөлшерінде үстемақы төлеу көзделеді, басқа да қосымша ақы төлеу қарастырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік марапат тағайындалып, иегерлеріне 1000 АЕК көлемінде біржолғы сыйақы төленеді. Бұрындары мұғалімдер санатына орта мектептің, колледждің оқытушыларын кіргізіп келген болатынбыз, енді балабақшада, кіші орталықтарда, қосымша білм мекемелерінде еңбек ететіндер педагогтар санатына жатқызылып, еңбек демалыстары 42 күннен жалпыға бірдей 56 күнге ұзартылады. Біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогтар үшін лауазымдық жалақының 30-50 пайызға дейінгі мөлшерінде белгіленеді. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагогке үш лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді, - деп заңдағы мұғалімдерге үй салуға кезексіз жер беру, балаларын балабақшаға орналастырудағы жеңілдіктер жайлы сөз етті.

Жиында ардагер журналист Таңатар Дәрелұлы Орлы, Жаңаталап ауылдық округтерінің ішкі және кіреберіс жолдарын салуға, Ақкөл және Көптоғай ауылдарының тозығы жеткен электр желілерін қалпына келтіруге атсалысуды депутаттардан өтініш етті. Ақкөл ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Әбубакар Юсупов Қиғаш ауылы мен Атырау қаласы аралығына күнбе күнгі дербес пойыз қатынас шығаруға ықпал жасауларын сұраса, аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев 382 шақырымды құрайтын Азғыр жолына алаңдаушылығын білдірді.

Аудан жастары атынан сөз алған Ернар Боранғалиев ауыл-ауылдарға жабық типтегі спорт кешендерін, жас туристер бекетіне заманауи машықтану алаңдарын салу мәселесін көтерді. Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қадірбай Жармұханбетов мал ұрлығын ауыр қылмыстар қатарына жатқызылуын құптаса, прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиев қажеттілігі туындап отырған болашақта қабылданатын заңдардың барын қаперге берді. Медицина саласының ардагері Сағидолла Кулов мұғалімдер сияқты дәрігерлердің де мәртебесі ескерілсе деген ойымен бөлісті.

Айтылған ұсыныс-өтініштерді мұқият тыңдаған халық қалаулылары кейбіріне сол бойда жауаптарын берсе, үкіметтік деңгейде шешілетіндіктерін қаперлеріне алып, жұмыстанатындықтарын жеткізді. Жиынды аудан әкімі Қайрат Нұртаев қорытындылап, қабылданған заңдарға түсініктерін бергені үшін Сенат және Мәжіліс депутаттарына аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

 

А.Нәжімов

Серпер газеті

 


262 просмотров
Вернуться на уровень выше
Санатории и гостиницы ФПРК