Наш контактный телефон
+7 (7122)
35-55-24
Обратная связь
Поиск по сайту

Аурудың жанын сау түсінбес, дәрігердің қадірін ауырмаған білмес Алладан кейінгі адам жанының арашасы – дәрігер!

26 апреля 2020

Адамзат өмірінде соншалықты маңызға ие дәрігерлер емдеу қызметіне үлкен дайындықпенен арнайы біліммен, антпен қадам басады. Ибалы пен парасаттылықты бойына дарытқан дәрігерлердің алдына іңгәлаған сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін келген адамдарға көмектесіп, өздерінің ізгі ниеті арқылы құрметке бөленіп, талай адамдардың шексіз алғысын алып жүргеніне куәміз!

Алақанынан шипасы дарыған дәрігердің, көз жанарымен, жылы лебізімен, жүреке жағымды әңгімесімен, сырқаттың емін тауып, адам өңіне шырай беретіні бір төбе. «Жаныңда жүр жақсы жандар» - дегендей, күн-түн демей сырқаттарды емдеуге асығып жүретін Атырау облысының дәрігерлері туралы бір-екі сөз айтып кетуді жөн көрдік...

Соңғы мезгілде өңірімізде ғана емес, республика көлемінде дәрігерлерге қатысты аты-шулы оқиғалар әлеуметтік желілер, интернет-ресурстар арқылы қоғамда кеңінен талқылануда. Жыл сайын мыңдаған тексерулер өтіп, ажалдан құтқарып абайсыздан қателескені үшін айыпталған немесе дәлелі табылмай ақталған дәрігерлердің көз жасы мен жабырқау көңілдерін байқап келеміз. Дәрігерлерді жақтаған да, даттаған да жетерлік. Ал, кейбір емханалар мен ауруханаларда дәрігерлерге тіл тигізіп, тіпті үйіне шақыру бойынша келген жедел жәрдем қызметшілеріне қол жұмсап жатқанда қорғап шыр жүгірген тек кәсіподақтар ұйымдары ғана шығар. Денсаулық сақшыларының ар-намысын таптап, оның қызмет бабындағы іс-қимылына кедергі келтіріп, дауыс көтеруге кім құқық беріпті?...

Бұрын дәрігерлерге, емхана мен ауруханалардың сапасына деген емделушілердің сенімі жоғары еді, казір біз қоғамда осы сенімді жоғалтып алдық. Сарапшы-мамандардың айтуы бойынша оған да түрлі себептер де бар екен – бұл дәрі-дәрмектің де, қызметтің де сапасы, емдеу орындарындағы жоғары дәрежедегі тазалықтың да, вирустар мен бактериялардың өзгеруі де, жаңа аурулардың пайда болуы да, емдеу әдістерінің өзгеруі, соңдай-ақ тағы басқа себептер баршылық екен...

Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға мемлекет қана емес, ел азаматтары да атсалысуда. Әрине, «судың да сұрауы бар» демекші, қаржысын төлеп отырғаннан кейін халыққа жоғары қыз­мет көрсету талап етіледі.

«Көш жүре бара түзеледі» - бүгінде, медицинаның әрі қарай жоғары деңгейдің дамуына Үкімет пен денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан жәй қараған көзге көрінбейтін, бірақ ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Елімізде бұрын қол жетпейтін ағзаларды ауыстыру, микро-нейрохирургиялық және тамырға күрделі оталар жасалып жатыр. Бұның бәрі қарапайым дәрігерлердің жетістіктері! Бүгінгі медициналық жоғары оқу орындарында болашақ жастарымыз халықаралық стандарттарға сай он жыл бойы оқып-тоқып кәсіби білімдерін алып жатыр. Бұл жағдайда «қос өркешті түйенің төстабанынан қолқаға өткізген арқанды тастап жіберіп, біреуін қомға, біреуін шомға айырып» бар пәлені артып-тартып ұзындығы білектей, жуандығы оқтаудай мәселені тек қана дәрігерлерге жүктеу әділетсіз болар. Жасыратыны жоқ, пенде болғасын ба, халқымыздың көпшілігі «Бірінші байлық – денсаулық» деген қазақтың дана сөзін алға тартады. Расымен де, осы сөздің салмағы мен жүктер жауапкершілігін сезбейтін, мойындамайтын, өз денсаулықтарына салдыр-салақ, немқұрайлы қарайтын ағайындарымыз жеткілікті екен. Айтса айтқандай, өлуге «бір күн қалғанда» дәрігерге жүгінеміз. Мысалы, күні кеше ғалымдар анықтағандай, ағзада онкология ауруы пайда болуына дейн адамда 200-ден астам аурудың белгілері болады екен, оларға біз мән бермей жүре береді екенбіз.

Халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, өзі мен ұрпағының денсаулығын сақтауға және нығайтуға арналған іс-амалдардың жемісі екенін баршамыз да ұғынуға тиіспіз.

«Ауру айтып келмейді» - сонау Қытайдан бастау алған коронавирус індеті тез уақытта әлемді шарлап, Қазақ еліне де жетті. Адамның тұрмыс-тіршілігіне шектеулер қойылып, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметтері тоқтатылып, ел аумағында төтенше жағдай жарияланды.

Коронавирус індетіне қарсы тосқауыл ретінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға ең алдымен ақ халатты абзал жандар – медицина қызметкерлері қойылды! Олар аурудың алдыңғы шебінде тұрып, қиын жағдайларға мойымай, өздерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрғанын сезінсе де қорықпай, өз жанұясын, балаларын апталап көрмей, құшақтап сүйе алмай, өз қызметтерін күні-түні адал жасауда. Біз оларға басымызды иіп, мың да бір алғысымызды білдіреміз!

Індеттің алғашқы тараған күндері дәрігерлерді қолдап облыстық кәсіподақтар бірлестігі мен облыстық салалық кәсіподақтар медициналық қызметкерлеріне 2 мың дана көлемінде бетперделер жеткізуге шешім қабылдады. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Атырау облыстық филиалын төрайымы Кашкенова Майра Тұрланқызы бастаған кәсіподақ «Біз біргеміз!» акциясы аясында медицина қызметкерлерін, соның ішінде коронарлық вирустық инфекциясын анықтайтын және емдейтін Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, №2 облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі, уақытша және карантиндік станционарлардың мыңдаған дәрігерлерді қолдау акциясын жүргізіп жатыр. Осы кәсіподақпен Қарттар үйіндегі үлкен адамдарға бетперделер үлестіріп медицина тексерістерін өткізді, коронавирусты емдеуге тікелей қатысатын жұмысшыларға және карантинде жатқан дәрігерлерге қосымша 1600 дана қорғау маскаларын қызметкерлерге таратып, азық-түлік өнімдері мен су, сонымен қатар микротолқынды пештер мен электр шәйнектерін, жеке гигиена құралдарын (сабын, сүлгілер, дәретхана қағазы және т.б.) сатып алып берілді. Бүгінде дене қызуын қашықтықтан өлшейтін арнайы термометр құралдары мен қорғау киімдерін жеткізуді қамтамасыз етуде.

Қаржылық дағдарысқа қарамастан медицина қызметкерлері мен ұйымдарына ауызбіршілік танытып, қол ұштарын созып көмектерін ұсынып жатырған ел азаматтары мен азаматшаларына алғысымыз шексіз.

Жоқ жерден дұшпан тауып, шындықты бұрмалап өтіп, қоғам арасында арандатушылық тудыртуды мақсат көрген кейбір адамдар халықтың назарын өзіне қаратайын деген оймен әлеуметтік желілерге Атырау облыстық ауруханасы қызметкерлерінің бейне материалдарын таратты, ал шын мәнінде облыстық аурухананың қызметкерлері «Береке»ықшамауданында жаңадан салынып пайдалануға берілген тұрғын үй кешеніне көшуге қарсылық танытқан болатын. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, білместігі ме, жандарының сонша ашынғандығы ма, карантиндік ауруханадан шығуға болмайтынына қарамастан дауылдатып келген тілшілерді қорғап аулаға шықты. Бір күн бұрын кездесуге келген облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Ұзақбайұлы Баймұханов пен «SENIM» облыстық салалық кәсіподақтың төрайымы М.Т. Кашкенова айтқан өтініштері – карантин жарияланған ауруханадан жылы және таза орынға көшіруді сұрады, себебі бірінші болып «Берекеге» кеткен дәрігерлердің шағымдары болды, тоғыз қабатты үй жаңадан салынғандықтан жылу жүйесі қосылғанның өзінде тез қыза қоймайды, сондықтан бөлмелері салқын, тамақ жеткізіп беруде де ыңғайсыздықтар туындады. Сол бойда І.Баймұханов пен қала әкімі Қайрат Оразбаев дереу шешім қабылдап, медиктерімізді «Береке» тұрғын үй кешеніне, Энергетика-құрылыс колледжінің жатақханасына, «Престиж» қонақ үйінеорналастырды, «Шағала» қонақ үйінің әкімшілігі № 2 облыстық аурухананың 200 қызметкерлеріне арналған үй-жәйді ұсынды.

Ағымдағы жылдың 22 сәуір күні І.Баймұханов пен М.Кашкенова қалалық медициналық жедел жәрдем қызметінің жұмыскерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында дәрігерлердің көтерген мәселесі – бұл 103 жедел қоңырауы бойынша шақыртуларға күні-түні баратыны, аурулардың арасында коронавирус індетіне шалдыққан адамдар да анықталып жатқаны, бірақ оларға Үкіметпен белгіленген үш топқа кірмейтінін, оларға үстемақы тиіспейтінін айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 10 сәуір күні Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында – жергілікті билік басқа санаттағы медицина қызметкерлердің мәселелерін шешуді, өңірлердің мүмкіндіктеріне қарай дәрігерлер мен медбикелерге қаржылай қолдау көрсету туралы тапсырмасын негізге алып, І.Ұ. Баймұханов облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл жағдайды облыс әкімдігінің назарына жеткізіп, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша өз орынбасары Б.Қ. Хаменовамен талқынып, жедел жәрдем қызметкерлеріне облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлу мәселесін көп кешіктірілмей облыстық мәслихатында қарауға келісті.

Құрметті жерлестер, қазіргі кезде ақ халатты жандардың еңбегін ескеретін, қадыр-қасиетін өсіретін кез келді! Дәрігерлердің адамдарды коронавирус індеті мен ажалдан арашалап алып қалып жүрген ғажайып сәттерін көріп отырмыз!

Күні кеше елімізге коронавируспен күрес бағдары аясында іс-сапармен келген деңсаулық сақтау саласы жоғары деңгейдегі дамыған қытайлық дәрігерлері қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін мойындап жоғары баға берді.

Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің біздің өміріміздегі орны ерекше екені бәрімізге мәлім, олар қашан да құрметке лайық! Сондықтан да кәсіподақтар атынан біздің дәрігерлеріміздің мәртебесін арттырып, қиын күндерде ауызбіршілік пен сыйластық танытып бірге өткізуге шақырамыз!

«Атырау облысы

Кәсіподақтар орталығы»

аумақтық кәсіподақтар бірлестігі

26 сәуір, 2020 жыл

 


116 просмотров
Вернуться на уровень выше
Санатории и гостиницы ФПРК