Біздің байланыс телефонымыз
+7(7122)
35-55-24
Кері байланыс
Сайт бойынша іздеу

Кәсіподақтағы дәстүрлі шара жалғасын тапты

11 тамыз 2016
Тамыз айы – мектеп дайындалатын әрбір отбасы үшін қарбаласқа толы кезең. Қызу дайындық басталған шақта, қажеттілік те қыза түседі. Оқу құралдары, мектеп киімі тағысын тағылар... Бұл әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар үшін қиындық тудыратыны сөзсіз. Алайда, басына іс түскен адамға көмектесу, қол ұшын созу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Әйтсе де, өзгенің басындағы қиындық сол адамның емес, жалпы қоғамның, демек, біздің де мәселеміз ғой деп қарайтын адамдар да арамызда бар. Олар қолда барын бауырына басып отырмайды, керісінше, барымен бөлісуге әзір. Бұл – жүрегі жылылыққа толы, мейірімді, қайырымды адамдардың ісі.
Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық филиалы  жыл сайын дәстүрлі ұйымдастыратын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы «Болашаққа жол» деген атаумен Кәсіподақтар үйінде болып өтті. Аталған шара 16 жыл қатарынан үзбестен ұйымдастырылып, биыл да білім күні қарсаңында жалғасын тауып отыр. 
Тамыз айының 10 жұлдызында «Кәсіподақтар үйінің» мәжіліс залына жиналған әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ата-аналары шақырылған оқушылармен бірге қатысты. Салтанатты көңіл-күймен басталған шарада құттықтау лебізін білдіріп, алғашқы сөз алған филиал төрайымы  Сәрсенова Нұртаң Дүйсенбайқызы: – Құрметті ата-аналар, оқушылар! Демалыс мерзімі аяқталып, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған әрбір балаға бүгінгідей нарық заманында киім-кешек, оқу құралдарын алу көптеген ата-аналарға қиынға соғып жатады. Осы орайда, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық филиалы биыл 16 жыл қатарынан өткізіліп келе жатырған дәстүрлі шарада, кәсіподақ атынан сый жасағымыз кеп отыр. Алдыңғы жылдарда оқу құралдарын өзіміз алып табыс етіп жүргендіктен, соңғы кездері қаржылай көмек көрсеткен абзалырақ, өйткені балаларыңызға қалаған оқуға қажетті құралдарын алып берерсіздер деген шешімге келдік,- деп, қатысқан оқушыларға қаржылай сыйлықты табыс етті. Бұл күні балаларға жалпы көлемі 780 000 теңге қаржы таратылды. Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық филиалы барлық аудан көлемінде де осы қайырымдылық акциясын жылма-жыл жалғастырады. Осындай мектеп жасындағы балаларға қамқорлық шарасы емдеу-сауықтыру мекемелерінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен жоспарлы түрде өткізіледі. Шара соңында кәсіподақ ұжымына ата-аналар алғыстарын білдіріп, ризашылықпен тарқасты.
 
Әйгерім ТҮСІПҚАЛИЕВА,

 

 

93 рет оқылды
Ілгері
ҚРКФ-ның шипажайлары мен қонақ үйлері